ШҚО-да мұғалімнің құқығын бұзғандарға айыппұл салынуы мүмкін

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында мұғалімнің құқығын бұзғанға 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір жылдан астам уақыт бұрын елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданған болатын. Осының арқасында мұғалімдер артық жұмыстан арылып, өз құқықтарын қорғай алуда. Ал Шығыс Қазақстанда бұл заңның сақталуын қадағалау өңірлік Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне жүктелген.

«Ұстаздардың құқықтарын бұзған лауазымды тұлғалар мен ұйымдарды әкімшілік жауапкершілікке тартуға құқығымыз бар. Заң бойынша оларға 20-дан 120 АЕК-ке дейін немесе 58 мыңнан 350 мың теңге аралығында айыппұл салынады. Сонымен қатар осы жылдың 14 қаңтарында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағанбетовтің тапсырмасына сәйкес, педагогикалық этика және білім беру ұйымдары мұғалімдерінің құқықтарын қорғау мәселелеріне орай департаменттің жанынан консультативтік-кеңесші орган құрылды. Оның құрамына қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, ШҚО Қоғамдық кеңесінің, БАҚ және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді», - деді департамент басшысы Зейнеп Мақсұтова.

Оның айтуынша, консультативтік-кеңесші органның жұмысы барысында білім беру ұйымдары басшыларының «Педагог мәртебесі туралы» заң мен этика ережелерінің нормаларын сақтауы, ұсыныстары мен мәселелері қаралады.

«Мектептерде, балабақшалар мен колледждерде мұғалімдердің қызметіндегі есеп беру мен қағазбастылықты азайтуға басымдық берілген. Әлбетте, 2018 жылмен салыстырғанда осы тұрғыда айтарлықтай жақсы нәтижелер байқалады. Бірақ соған қарамастан бақылауды күшейткен жөн», - деді департамент басшысы.


Соңғы жаңалықтар