ШҚО-да мектептер мен ауруханалар күрделі жөндеуден өтеді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында мектептер мен ауруханалар күрделі жөндеуден өткізілмек, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы аймақ басшысы Даниал Ахметов өзінің Facebook парақшасында жазды.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы» бойынша өңірімізде 800-ден астам инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобаларды бекіту барысында біз қалалар мен аудандардағы мәселелерді кешенді шешуге баса назар аудардық. Мысалы, білім және денсаулық сақтау саласындағы жобалар ағымдағы емес, күрделі жөндеуге бағытталған. Осылайша, алдағы жылдарда облыстың көптеген мектептері мен ауруханаларын жөндеу мәселесін шешеміз», - деді әкім.

Оның айтуынша, бүгінгі күні 327 жоба бойынша келісім-шарт жасалған. Осы айдың ішінде барлық рәсімдер толықтай аяқталады.

«Бұл ретте белгіленген тәртіптің барын ерекше атап өткім келеді. Мемлекеттік сатып алу - сыбайлас жемқорлыққа ұшырайтын салалардың бірі екені белгілі. Сондықтан біздің «Шығыс - адалдық алаңы» кеңсесі Антикор қызметімен бірлесіп, тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Талдауға мемлекеттік сатып алудың қолданыстағы шарттары да жатады», - деді Даниал Ахметов.


Соңғы жаңалықтар