ШҚО-да мектеп түлектеріне қашықтан бағыт-бағдар берілуде

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – ШҚО Жастар ресурстық орталығы мектеп түлектеріне арнап «Кәсіптік білім берудің онлайн ашық есік күні» шарасын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қашықтан бағыт-бағдар беру жұмыстары С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да, Қазақстан-Америкалық еркін университеті мен Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде өткізілген. Оған 5000-ға жуық түлек қатысты. Бұдан бөлек, 3000-ға тарта жоғарғы оқу орындары студенттерінің қатысуымен Курчатов қаласында, Алтай, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Глубокое, және Борадулиха аудандарында онлайн форматтағы «Қалалар мен аудандар күні» өтті. Алдағы уақытта мұндай бағыттағы жұмыстар облыстағы басқа да аудандар мен қалаларда ұйымдастырылмақ.

«Осы күнге дейін қашықтан байланыс орнатылып, 9 мыңнан астам талапкерге бағыт-бағдар жасалды. Жастар тарапынан қойылған сұрақтарға тиісті жауап берілді. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен «Білікті маман» жобасы жүзеге асырылуда. Аталмыш жоба аясында талапкерлер үшін республикалықтан бөлек қосымша гранттар бөлінеді», - деді ШҚО Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова.

Айта кетейік, «Білікті маман» жобасы қолға алынғалы бері аймақ бойынша 1 046 студентке грант берілген.


Соңғы жаңалықтар