ШҚО-да медицина сапасына қатысты 400-ден астам шағым түсті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Биылғы жылдың бірінші тоқсанында өңір тұрғындары «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ШҚО филиалына 35 мыңнан астам өтініш жасаған, оның 400-ден астамы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне байланысты шағым, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдау көрсеткендей, азаматтар көбінесе 1406 байланыс орталығына хабарласады. Атап айтқанда, қысқа нөмір арқылы өтініштердің 83%-ы жасалған. Екінші орында – Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы. Бұл арна арқылы тұрғындар негізінен қандай да бір қызмет туралы ақыл-кеңес сұрайды. Жарналар мен аударымдарды қалай төлеу керектігі, МӘМС бойынша медициналық көмекті алу үшін қандай кезеңдерде төлем жүргізу қажеттігі сияқты сауалдар қойылған.

«Шағымдарға қатысты айтар болсақ, азаматтарды медициналық көмектің сапасыз көрсетілуі немесе одан бас тартылуы, консультациялық-диагностикалық қызметтерді тым ұзақ күтуі, белгілі бір мамандарға жазылудың мүмкін еместігі мазалаған. Қор мамандары әрбір шағым бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізіп жатыр. Біз пациенттерді өз құқықтарын білуге және құқықтары бұзылған жағдайда, ең алдымен медициналық ұйымның өзіндегі пациенттерге қолдау көрсету қызметіне жүгінуге шақырамыз. Бұл қызметтер барлық емханалар мен ауруханаларда бар. Егер мәселені сол жерде шешу мүмкін болмаса, қорға жүгіну қажет», - делінген қордың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да жылжымалы медициналық кешендердің елді мекендерді аралайтындығын хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар