ШҚО-да майлы дақылдардың егістік алқабы 30 мың гектарға ұлғаяды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында майлы дақылдардың егістік алқабы 30 мың гектарға ұлғаяды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайлы облыс әкімдігінде өткен жиын барысында айтылды. Жалпы, облыс бойынша өткен жылы азық-түлік өндірісінің көлемі 148,8 млрд теңгені құраған.

«Ауыл шаруашылығы саласының өңделген өнімдерінің негізгі үлесін майлы дақылдар, ет, сүт, астық және нан-тоқаш алады. Биыл облыстағы майлы дақылдардың егістік алқабы 30 мың гектарға ұлғайтылмақ. Жыл соңына дейін Семейде майлы дақылдарды өңдеу кәсіпорны іске қосылады. 2022 жылы тағы бір май зауыты өз жұмысын бастайды деп жоспарланып отыр», - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Өткен жылы облыстың 21 кәсіпорны 16,8 мың тонна ет өндірген. Қазіргі уақытта тағы 3 жоба іске асуда. 2024 жылға қарай өңірде өңделген ет өнімдерінің үлесін 94 мың тоннаға дейін арттыру көзделген.

«Облыс бойынша сүт өнімдерін қайта өңдеу саласында 25 кәсіпорын жұмыс істейді. Өнім көлемін ұлғайту және ассортиментті кеңейту мақсатында «Эмиль« ЖШС сүт зауыты қуаттылығы жылына 90 мың тонна болатын сүт өңдеу бойынша өндірістік-логистикалық кешен салу жобасын іске асыруда», - деді аймақ басшысы.


Соңғы жаңалықтар