ШҚО-да мас жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып өлтіріп, қашып кеткен
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға Көкпекті ауданындағы «Көкпекті-Васильев өткелі» жолында болған. Мас күйде көлік тізгіндеген 35 жастағы жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып, сол жерден із суытқан.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан 20 жастағы азамат аурухананың жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 1 - бөлігі 3-тармағына (көлік құралдарын жүргізуші адамдардың абайсызда адам өліміне әкеп соққан масаң күйде жол жүрісі қағидаларын бұзуы) және 347-бабына (жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Полиция қызметкерлері көлік жүргізушісін қолға түсіріп, уақытша ұстау изоляторына жеткізді. Қазіргі уақытта бірқатар сот сараптамалары тағайындалған. Соның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады.