ШҚО-да мас күйдегі азамат 6 айлық баласын өлтіріп алды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында мас күйдегі әкесінің қолынан құлап кеткен 6 айлық бала көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, сотталған М. қазіргі уақытта қатаң режимдегі ОВ 156/6 мекемесінде жазасын өтеуде. Алты айлық баласын өлтіріп алған ер адам 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол қайғылы оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

«Әйелім үйден сыртқа шығып кеткен еді. Ал төргі бөлмеде жатқан ұлым айғайлап жылай бастады. Баламмен серуендеп қайтуды ұйғарып, далаға беттедім. Қайтарда жол жөнекей ішімдік сатып алдым. Үйге келгенде оны шешіндіріп жатқанымда жаялығының толып қалғанын көрдім», - дейді сотталған азамат.

Оның айтуынша, содан кейін баланың жаялығын шешіп, жуындырды. Алайда ваннада орамал болмағандықтан, ас бөлмеге барған.

«Ұлымды қолымда ұстап, сүртіндірдім. Ас бөлмеден шығып бара жатқанымда дәлізде жыртылып тұрған линолеумге аяғым ілініп кетті. Сол сәтте балам қолымнан түсіп кетіп, шкаф пен қабырға арасындағы бұрышқа құлады. Баспен түскен ол қабырғаға да соғылды. Бірден оны көтеріп алып, төргі бөлмедегі диванға жатқыздым. Кенет қырылдаған дауыс шығарып, көгере бастады. Не істерімді білмей, жұдырықпен қабырғаны ұрғанымды білемін. Жанымда ұялы телефоным да жоқ еді. Баспалдақ алаңына шығып, көршілердің есігін қақтым. Көрші әйел сәбиді алып, жедел жәрдемге қоңырау шалды. Соңы осылай болады деп еш ойламадым. Ішімдік ішкендіктен бәрі бұлыңғыр, қас-қағымда болды. Жұбайым мені кешірмеді. Оны түсінемін. Бірақ мен мұны әдейі істеген жоқпын», - дейді М. есімді сотталған.

Оның айтуынша, колонияға түскен алғашқы күндері өте ауыр болды. Алайда мекеме психологтары көмектесіп, психокоррекциялық жұмыстар жүргізген. Қазір ол ішімдікке тәуелділіктен арылды. Енді жазасын өтеп болған соң, үйге оралып, ел қатарлы жұмыс істегісі келеді.


Соңғы жаңалықтар