ШҚО-да мас күйде көлік жүргізген 68 адам анықталды

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында бір айда мас күйде көлік жүргізген 68 адам анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір аумағында жол-көлік оқиғаларын азайту және жолдағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында арнайы айлық өткізіп жатыр.

20 күн ішінде полицейлер 10 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісін анықтады. Оның 100-ден астамын қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған.

«Сонымен қатар мас күйде көлік тізгіндеген 68 жүргізуші ұсталды. Қарсы жолаққа шыққаны үшін – 47, маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін – 1212, бағдаршамның қызыл түсіне өткені үшін – 124, апаттық жағдай туғызғаны үшін - 912 және теміржол өткелдерінен өту ережелерін бұзғаны үшін – 18 жүргізуші жауапқа тартылды», - делінген ақпаратта.

Бұдан бөлек, қауіпсіздік белдігін тақпаған 1279, көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдаланған 1024 адам тіркелді. Жаяу жүргіншіге жол бермеген 746 жүргізушіге айыппұл салынған.


Соңғы жаңалықтар