ШҚО-да МӘМС аясында 280 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 1 айдың ішінде МӘМС аясында 280 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Ғалымжан Әбілов МӘМС жүйесіне орай жүргізілген жұмыстардың бір айлық қортындысын айтып берді.

«Биыл өңір бойынша өткен жылмен салыстырғанда денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 35 пайызға артып, 101 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 72 млрд теңге тегін медициналық көмектің кепілді көлеміне бағытталса, 29 млрд теңге МӘМС пакетіне жұмсалмақ. Сондай-ақ аймақта денсаулық сақтау субъектілері көбейіп, медициналық сақтандыру қоры жеткізушілерінің бірыңғай базасында тіркелген. Бүгінде мұндай 157 мекеме бар. Оның ішінде 103-ші қормен тікелей келісімшартқа отырған. 42 жеткізуші мекеме жекеменшік болса, 61-і мемлекеттік», - деді ол.

Оның айтуынша, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету басты бағыттардың бірі. Мұндағы мақсат – көмекке мұқтаж науқастарға қол ұшын беріп, консультативтік-диагностикалық көмек сынды қызмет түрлерін ұсыну.

«Қаңтар айында тұрғындар консультативтік-диагностикалық кеңес алу үшін дәрігерлердің көмегіне жиі жүгінді. МӘМС аясында 280 мыңнан астам медициналық қызмет көрсетілді. Оның ішінде 53 пайызы дәрігерлердің көмегіне иек артса, 16 пайызы УДЗ мен ЭКГ-ға түскен. Ал 22 пайызы лабораториялық қызметтерді алған. Қалған 7 пайызға стоматологиялық көмек берілді», - деді Ғалымжан Әбілов.

Айта кетейік, қаңтар айында 421 шығысқазақстандық компьютерлік томография мен магниттік резонастық томографияға тегін түскен. 1600 науқас МӘМС пакеті бойынша стационарда ем қабылдады. Екі мыңнан астам адамға стационарды алмастыру қызметі көрсетілді. Оның ішінде науқастарды жоспарлы жатқызу көрсеткіші 26 пайызға артып, шұғыл түрде ауруханаға жатқызу 12 пайызға төмендеді. Осылайша, емдеу мен оңалту қызметтері барлық азаматтарға қолжетімді болды.

Алайда, соған қарамастан медициналық ұйымдарда қордаланып жатқан мәселелер аз емес. Мысалы, Өскемендегі балаларға арналған стаматологиялық емхананың қызметкерлеріне биылғы жылдың қаңтар айында жалақы мүлдем төленбеген. Оның себебін Ғалымжан Әбілов былай деп түсіндірді. «Науқастарға көрсетілген қызмет түрлері ақпараттық жүйеге қате енгізілген. Соның салдарынан төлем жүйесінде олқылықтар орын алды. Қазір тиісті жұмыстар атқарылып, бұл мәселе шешімін тапты», - деді ол.

Таяуда Өскемендегі балаларға арналған стаматологиялық емхананың қызметкерлеріне жалақы төленетін болады.


Соңғы жаңалықтар