ШҚО-да малын қараусыз жіберген 313 адам айыппұл төледі

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері мал ұрлығына қатысты 13 қылмысты ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, мал ұрлығына қатысты қылмыстарды ашу және алдын алу мақсатында өңір бойынша «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шарасы жүргізілді.

«Үнемі ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтары иелеріне мал жаю ережелерін сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Өйткені үй жануарларын қараусыз қалдыру, әдетте ұрлыққа алып келеді», - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.

Шара барысында мал ұрлығына қатысты 13 қылмыс ашылып, 28 бас мал иелеріне қайтарылды. Қараусыз жайылған 950-ден астам үй жануары арнайы тұраққа айдалды. ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабына сәйкес, малдардың 313 иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мәселен, Ұлан ауданының полиция бөліміне 51 жастағы жергілікті тұрғын хабарласқан. Өз сөзінде ол белгісіз біреудің еркін жайылымнан ірі қара малын ұрлап кеткенін жеткізді. Келтірілген материалдық шығын мөлшері – 250 000 теңгеден асқан. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер 34 жастағы ер адамды ұстады. Күдікті өз кінәсін мойындап отыр. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сонымен қатар 188 автокөлік тексеріліп, тиісті құжаттарсыз мал мен ет өнімдерін тасымалдау, сату бойынша 20-дан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. 400-ден астам шаруа қожалықтары тексерілді.

Айта кетейік, 2021 жылдың алғашқы үш айында Шығыс Қазақстанда 413 бас мал ұрланған. Полицейлер 299 малды иелеріне қайтарды.


Соңғы жаңалықтар