ШҚО-да малшыға жай түсті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Бородулиха ауданында 48 жастағы малшыға жай түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға бүгін Бородулиха ауданының Зенков ауылында болған. Найзағай шопанның сол аяғы мен мойынын күйдіріп кеткен. Төтенше жағдай мамандары оның тірі қалуын таңқаларлық жағдай деп бағалап отыр.

«Найзағайдың адамға түсуі биыл бірінші рет тіркелді. Бұған дейінгі оқиғалардың көбінде адамдар аман қалмайтын. Жай оты көбінесе қозғалыс кезінде түседі. Сондықтан, күн күркіреген кезде аттан түсіп, жалғыз тұрған ағаштан аулақ кету керек», - делінген төтенше жағдай департаменті таратқан мәліметте.

Найзағай кезінде әсіресе емен, қарағай, терек және шырша сияқты ағаштарға жасырынуға болмайды.

Мамандар найзағай жайлы жиі айтылатын төмендегі аңыздарға сенбеуге шақырады:

1. Найзағай жаңбыр жауып тұрған жерден әлдеқайда алыс маңға түсуі мүмкін. Сондықтан жауын бітсе, қауіп те сейілді деп ойламау керек.

2. «Жай оты бір түскен жеріне қайталап түспейді» деген де жалған. Биік әрі үшкір затқа найзағай бірнеше рет қайталап түсуі мүмкін.

3. Найзағай түскен адамға қол тигізсе, ток соғуы мүмкін емес. Осы аңыздың кесірінен зардап шегушілердің 90 пайызына алғашқы көмек көрсетілмейді екен.

4. Найзағай кезінде ұялы телефон ұстау қауіпті деген мәліметтің де шындыққа жақындығы шамалы. Телефонның сырты металдан құйылған болса және адам денесіне тиіп тұрған жағдайда ғана  найзағайды тартуы мүмкін. Телефонмен сөйлесу кезінде байланыс толқындары жай отын тартатыны ғылымда дәлелденбеген.

5. Найзағайдан автомобильге тығылу аса тиімді амал емес. «Егер найзағай басталған кезде көлік айдап келе жатқан болсаңыз, тоқтап, моторды өшіру қажет. Қолды рульден босатып, денеңіздің металл бөлшектер мен радиоқабылдағышқа жанаспауын қадағалаған абзал. Көлік ішінде телефонмен сөйлесу қауіпті», - дейді төтенше жағдай мамандары.

 
Иллюстрациялық фото

Соңғы жаңалықтар