ШҚО-да мал ұрлаумен айналысып келген екі ұйымдасқан топ мүшелері ұсталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстан облысының полициясы биылғы жылдың қаңтар айында мал ұрлаумен айналысып келген екі ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады. Олар ауыл тұрғындарына 6 миллионнан астам теңге шығын келтірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семей және Аягөз ауданы тұрғындарынан құрылған бір қылмыстық топ Жарма ауданында мал ұрлаған. Олар аудан тұрғындарынан мал ұрланған 9 эпизодқа қатысы бар деген күдікке ілінді. Былтырғы жылдың қазан айынан бері далада жайылып жүрген немесе түнгі уақытта ауыл қораларында тұрған малды ұрлаған.

Тергеу нұсқасы бойынша, ұрланған мал Семей қаласына жеткізіліп, басқа адамдарға сатылған. Жарма ауданының тұрғындарына келтірілген шығын 4,9 миллионнан астам теңгені құрады.

Мал ұрыларының тағы бір тобы Ұлан ауданында ұсталды. Қаңтардың басында аудандық полиция бөліміне жергілікті үш тұрғыннан далада жайылып жүрген жылқыларының ұрланғаны туралы өтініш келіп түсті. Мал иелері келтірілген шығынды 1,3 миллион теңгеге бағалады. Бүгінде бұл ұрлықтарды жасауда күдікті танылған үш азамат анықталды.

Полицияның хабарлауынша, ұрлықтың барлық оқиғалары бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабымен сот алдындағы тергеу амалдары жүргізілуде.

Автор: Людмила Малько

Соңғы жаңалықтар