ШҚО-да қыс түскелі бері 64 рет жол жабылды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қыс басталғалы бері 64 рет жол жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қыс түскелі бері өңір аумағында 41 дауылды ескерту жарияланып, облыс жолдары 64 рет жабылған. Жолдар бойында қар көшкінінің жүруіне жол бермеу мақсатында «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары 25 рет профилактикалық жарылыс жүргізіп, 19860 текше метр қар түсірді.

Көктем кезінде су тасқынына сақадай дайын болу үшін, қазірден бастап жергілікті атқарушы органдар мен «Қазгидромет» РМК және ТЖД мамандары қар жамылғысының мөлшері мен топырақтың қату тереңдігіне мониторинг жүргізуде.

«Бүгінде облыстың 8 ауданында жердің тоңы 50 см-ден асқаны байқалады. Атап айтқанда, Бесқарағай, Катонқарағай, Тарбағатай, Көкпекті, Бородулиха, Ұлан, Зайсан және Абай аудандары. Облыстың қалған аймақтарында 6-дан 49 см-ге дейінгі аралықта», - деді департамент бастығы Ерлан Нұрпейісов.

Сонымен қатар аталған аудандардағы қар жамылғысының орташа биіктігі 30 см-ден аспайды. Қардың ең көп мөлшері Алтай ауданында (70 см), ең азы Курчатов қаласында тіркелген.

Соңғы жаңалықтар