ШҚО-да қыс кезіндегі апаттық-құтқару жұмысына 400-ге жуық техника әзірленді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қыс кезінде апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 400-ге жуық техника әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір құтқарушылары қыс мезгіліне дайындалып жатыр.

Қыста болатын түрлі төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін 1525 адам мен 382 техника сақадай сай.

«104 жол талғамайтын техника әзірленді. Оның ішінде «Трэкол», «Шерп», «Вахта» көліктері бар. «Трэкол» көлігі жүре алмайтын жер жоқ. Алты доңғалақты көлік терең қарда, мұзда, батпақта да қозғала алады. Бұдан бөлек, құтқарушыларға арнайы дайындалған иттер көмектеседі. Иттер профилактикалық жарылыс жұмыстарын жүргізуде, зардап шеккендерді іздеген жағдайда, қар көшкінін түсіру кезінде кезекшілік етеді», - делінген ақпаратта.

Осы ретте құтқарушылар тұрғындарға көлігі қар құрсауында қалғанда не істеу керектігі туралы кеңес берді.

«Біріншіден, өзіңіздің орналасқан жеріңізді (мобильді құрылғыларды пайдалану немесе жол белгілерін қарау) анықтауыңыз керек. Содан кейін «112» нөмірі бойынша құтқару қызметіне хабарласып, көмек сұраңыз. Қыста алыс жолға шыққанда жанармай багын мейлінше толтырып алуға тырысыңыз. Себебі көлік оталып тұрғанда іші жылы болады. Құтқарушылар келіп жеткенше барлық жылы заттарды киіп алыңыз», - делінген мәліметте.


Соңғы жаңалықтар