ШҚО-да қыс кезінде мектептерде 71 рет сабақ өткізілмеген

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары қысқы кезеңді қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңірде қысқы кезеңнің басынан бері көшкін қаупі бар учаскелерде 90 рет жару жұмыстары жүргізіліп, 594000 текше метр қар түсірілген. Республикалық маңыздағы тасжолдарда 4 медициналық-құтқару пункті жұмыс істеді. Ондағы мамандар 17 рет көмекке шығып, 46 адамға қол ұшын созды.

«Көлік жолдарын күтіп ұстау үшін 857 қар тазалайтын техника (автогрейдерлер, шнекороторлар, шынжыр табанды және дөңгелекті тракторлар, тиегіштер, автосамосвалдар) жұмылдырылған. Жол қызметтері көктайғаққа қарсы материалдардың 14380 тоннадан астам қорын және 980 уақытша жол белгілерін дайындады. Департамент қызметкерлері қар құрсауында қалған азаматтарға ұдайы көмек көрсетті. Нақты айтқанда, тасжолға 179 автокөлік шығарылып, 592 адам құтқарылды және 54 адам эвакуацияланды», - делінген хабарламада.

Өңір бойынша ауа райының қолайсыздығына байланысты 71 рет сабақ тоқтатылған. Мұздағы жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін ТЖД мамандары облыстың барлық аудандарында 1205 рейд жүргізіп, су айдындарында жүріс-тұрыс қағидалары бойынша 16 411 жадынама таратты.

Қабылданған шаралар нәтижесінде республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдарының бойында қар көшкіні жүру қаупі азайды. Бүгінгі күні аймақ аумағының биік таулы жерлерінде көшкін қаупі әлі де сақталуда.


Соңғы жаңалықтар