ШҚО-да қыс басталғалы бері қала, ауыл көшелерінен 160 мың текше метрден астам қар шығарылды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қыс басталғалы бері қала, ауыл көшелерінен 160 000 текше метрден астам қар шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, облыс әкімінің өкімімен 1 ақпаннан бастап өңірде су тасқыны кезеңіне жоғары дайындық режимі енгізіліп отыр.

«Су айдындарына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Қыс басталғалы бері жергілікті атқарушы органдар қала, аудан көшелерінен 160 000 текше метрден астам қар шығарды. Су тасқыны қаупі жоғары кезең үшін жеке құрамнан 1719 адам, 224 мотопомпа, 83 жүзу құралы және 750-ден астам техника сақадай сай. 29 000 дана ыдыс-қап, 1,9 мың тонна инертті және 226 тонна жанар-жағармай материалдары дайындалды. Төтенше жағдайда халықты эвакуациялау үшін қалалар мен аудандардың әкімдері 6500 адам сиятын 68 уақытша орналастыру пунктін дайындады», - делінген ақпаратта.

Шығыс Қазақстанда су басу қаупі туындап отырған 71 елді мекен бар. Арнайы жол картасы аясында іске асырылған шаралар нәтижесінде, 15 елді мекенде қауіп толығымен жойылса, 46-сында барынша азайтылды.

«Департаментінің дағдарыс орталығында су тасқыны кезеңінде тәулік бойы жұмыс істейтін штаб құрылды. Құтқарушылар үйлерді аралап, тұрғындарға су басу қаупі төнген жағдайда не істеу керектігін түсіндіруде», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар