ШҚО-да құтқарушылар мен полицейлер жағажайларда 1391 рейд жүргізді
2022 жылғы 25 маусым 03:31

ШҚО-да құтқарушылар мен полицейлер жағажайларда 1391 рейд жүргізді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар мен полицейлер жағажайларда 1391 рейд жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, шомылуға тыйым салынған учаскелерді құтқарушылар жаз бойы патрульдейді. Жаз басталғалы бері полиция және еріктілердің қатысуымен 1391 профилактикалық рейд жүргізілген.

Соның нәтижесінде ӘҚБтК-нің 440-бабы (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) бойынша 93 адам және 364-бабына (Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) сәйкес 60 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Құтқарушылар қауіпсіздік шараларын елемейтін демалушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін ерекше акция өткізді. Ол үшін суға шомылуға тыйым салынған жағажайлардың бірі таңдалды. Бұл түбі терең және сүңгуірлер тексермеген су айдыны. Мұнда бірнеше қайғылы оқиға болған», - делінген хабарламада.

Акция барысында ертегі кейіпкері «Су перісі» кімде кім спирттік ішімдік ішсе, тыйым салынған жағажайға шомылуға келсе және алысқа жүзіп кетсе, соны торға орап, жағажайға сүйреп шығарды.

«Осындай шара нәтижесінде көптеген азаматтар біздің ескертулерімізге құлақ түре бастайды. Демалушыларға нұсқаулықтар өткізіліп, су айдындарындағы адам өлімінің себептері және заңды сақтамаудың жауапкершілігі түсіндірілді», - делінген ақпаратта.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT