ШҚО-да құрылыс компаниясына 737 млн теңге берген 50 үлескер алданып қалды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында құрылыс компаниясына үлескер ретінде ақша беріп үй ала алмаған 13 адам сотқа арызданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, «Дейнека» компаниясына брондау шарттары бойынша Өскеменнің 50 тұрғыны 737 млн теңге төлеген.

Алайда бүгінгі күнге дейін оларға үй берілмеді. Белгілі болғандай, аталған құрылыс компаниясы азаматтарды үлескерлікке заңсыз тартқан.

«Қазіргі уақытта қаражат тек жеті адамға қайтарылды. 13 адам сотқа талап арыз берді. 17-сі компанияның ақшаны өз еркімен қайтаруын күтуде. Тағы 13 адам құрылысты аяқтауды талап етіп отыр. Дегенмен компанияның шотында мүлде ақша жоқ. Яғни, объектілерді аяқтауға да еш мүмкіндігі жоқ», - дейді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Компания тоғыз қабатты үйлер салмақшы болған. Қазір фирма өкілдері бір үйді тоғыз емес, алты қабатпен аяқтауға мүмкіндік беруді сұрап отыр.

«Бұл - келісімшартты және жобалау-сметалық құжаттаманы тікелей бұзу. Аудиттен кейін жұмыстарды орындамау фактілері анықталды. Бір ұстаным бойынша шартты бұзу және залалды өтеу туралы талап арыз берілді. Себебі бұл компанияның мемлекетті және оның серіктестерін қайтадан алдамайтынына кепілдік жоқ. Сондықтан біз «Дейнека» фирмасының барлық қатысушылармен брондау шарттарын бұзып, адамдарға ақшаны толығымен қайтарып беруін талап етеміз», - дейді аймақ басшысы.

Соңғы жаңалықтар