ШҚО-да құқығы бұзылған тұтынушыларға 26 млн теңге қайтарылды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында құқығы бұзылған тұтынушыларға 26 млн теңге қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметіне сүйенсек, бір жыл ішінде өңір жұртшылығының 731 өтініші қаралды. Халық көп жағдайда сапасыз тауарларды сатып алу кезінде туындайтын мәселелермен, атап айтқанда айырбастау және қайта өткізе алмау, тұрмыстық қызметтердің сапасыз көрсетілуі сынды шағымдармен жүгінген.

«Департамент мамандарының араласуымен құқығы бұзылған тұтынушыларға 26 млн 626 мың теңге қайтарылды. Оның ішінде 14 млн 248 мың теңге бөлшек сауда саласына қатысты. Былтыр екі мекемеге жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Соның нәтижелері бойынша әкімшілік жазалар қолданылып, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар шығарылды», - дейді департамент басшысының орынбасары Қанат Жеңісбекұлы.

Сондай-ақ аталған ведомство Өскемен қаласындағы Б.Момышұлы көшесі, 14 мекенжайы бойынша сапасыз салынған тоғыз қабатты тұрғын үйге қатысты сот процесін жеңіп шықты. Осылайша, 162 тұтынушының құқығы қорғалып, оларға 308 млн теңге өтемақы берілді.


Соңғы жаңалықтар