ШҚО-да көші-қон заңнамасын бұзған 150-ге жуық адам жауапқа тартылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері «Учаске» жедел алдын алу шарасын жүргізуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 қыркүйекте басталған шара барысында тәртіп сақшылары тұрғын үйлерді, жалға алынған пәтерлерді, сауда нүктелерін, шаруа қожалықтарын, қыстақтарды, есепте тұрғандар мен түрмеден шартты түрде босатылғандарды тексеруде. Соның нәтижесінде, осы уақытқа дейін 9000-нан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.

«Нақты айтқанда, тіркеусіз тұрып жатқан – 3348, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдап, көші-қон заңнамасын бұзған – 144 адам жауапқа тартылды. 11 мыңнан астам пәтер мен 230 мыңнан астам жеке тұрғын үй тексерілді. Жалға берілетін 362 пәтер анықталды», - делінген ақпаратта.

Сонымен қатар алкогольді ішімдік ішкен және қоғамдық орында мас күйде жүрген 66 кәмелеттік жасқа толмаған баланың, түнгі уақытта көше кезген 49 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, «Учаске» жедел алдын алу шарасы желтоқсан айына дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар