ШҚО-да көпқабатты үйдің жертөлесіндегі дүкеннен өрт шықты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданында көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесінде орналасқан дүкенде өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 26 қаңтарда Белоусовка кентіндегі Юбилейная көшесінде өрт шыққан. Оқиға орнына бірден өрт сөндірушілер аттанды. Белгілі болғандай, қызыл жалын бесқабатты тұрғын үйдің жертөлесінде орналасқан дүкенді шарпыған.

«Құтқарушылар 16 адамды, оның ішінде 4 баланы эвакуациялады. Олар іші жылы «Вахта» автокөлігіне орналастырылды. Сондай-ақ 3 және 5 жасар екі бала түтін тұмшалаған пәтерден көрпеге оралып, сыртқа шығарылған», - деп хабарлады ведомство өкілдері.

Көп ұзамай өрт сөндірушілер жалпы ауданы 10 шаршы метрге жеткен тілсіз жауды ауыздықтады. Зардап шеккендер жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің шығуына электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы себеп болуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар