ШҚО-да көпбалалы отбасылардың бизнес бастауына кепілсіз несие беріледі

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Ауылда тұратын көпбалалы ата-аналар үшін Шығыс Қазақстанда арнайы «Асыл ана» бағдарламасы жасалды. Оның негізінде бизнес бастауға ниетті жанұяға кепілсіз, 4 пайыздық үстемемен несие беріледі. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы ШҚОФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Айта кетейік, бүгінде Шығыс Қазақстан облысы партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында аз қамтылған және көпбалалы жанұяларды кешенді қолдауға арналған жеке бағдарламасын әзірлеген еді. Осы ретте аймақта ерекше күтімдегі және көпбалалы отбасындағы 3218 бала балабақшаға тегін барады. Ол үшін облыстық бюджеттен 266,4 млн теңге бөлініп отыр. Бұдан бөлек, «Жаппай оқыту» қорынан 28 700 жеткіншекке мектеп формасын алу үшін 500 млн теңге жұмсалмақ. Ал студент балалар болса, колледжде тегін білім алады. Қосымша шәкіртақы және ыстық тамақпен қамтылады.

«Президентіміз қойған міндетке сай, біз әр отбасының әл-ауқатын көтеру үшін еңбек етуіміз керек. Шығыс Қазақстан облысының бюджеті әркез әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған. Жыл сайын бұл салаға құйылатын қаражат 53% немесе 230 млрд теңгені құрайды. Елбасы сондай-ақ, әлеуметтік саясат тең дәрежеде болуы керектігін, яғни, бұқара арасында жалқаулық сияқты жат әдетті туғызбауы тиіс екендігін баса айтты. Мемлекеттің басты мақсаты - азаматтарды еңбекке баулу. Осыған орай, «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы арқылы басымдық өз ісін ашуға ниетті көпбалалы отбасыларға беріледі. Сонымен қатар, «Асыл ана» аймақтық жобасы да ауылдағы жанұялар үшін үлкен қолдау болмақ. Бұл мақсатқа 250 млн теңге қарастырылды. Жартысы жергілікті бюджеттен, қалған бөлігін «Атамекен» ҰКП арқылы тарттық», - деп атап өтті Даниал Ахметов.

Партияның облыстық актив отырысына сондай-ақ, көпбалалы аналар да қатысты. Солардың бірі - Зайсан ауданының Қаратал ауылынан келген «Алтын алқа иегері», жеті баланың анасы Сәулеш Абылғожина. Жолдасы өмірден озған соң отбасылық бизнесті қолға алып, жігер-қайратын аямай еңбек етті. Бүгінде жиырмадан астам адам еңбек ететін «Ақбай» асыл тұқымды шаруа қожалығын басқарып отыр.

«Көпбалалы отбасындағы жағдайды бір кісідей-ақ түсінемін. Мемлекеттің оларға қолдау көрсетіп жатқаны, әлбетте, қуантады. Әсіресе, аз қамтылған топтағыларға. Өзім де мүмкіндігіме қарай көмектесіп тұрамын. Мәселен, өткенде өз ауылымдағы көпбалалы жанұяға баспана алып бердім. Бүгін біз сияқты ата-аналарға төмен пайызбен несие беретінін естідім. Осы мүмкіндікті қолдана отырып, балабақша ашсам деймін. Ол - біздің ауыл үшін аса қажет тәлім-тәрбие шаңырағы», - дейді Сәулеш Абылғожина.

Әлеуметтік қолдауды арттыру және тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған ауқымды шаралар бойынша ШҚО-да сұранысқа ие мамандықтарға қысқамерзімді оқытулар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, көп және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналар үшін әлеуметтік жұмыс орындары, оның ішінде үйде қызмет ету мүмкіндіктері де қарастырылып жатыр. Жалпы аймақтық бағдарламаны жүзеге асыру үшін 16,7 миллиард теңге жұмсалмақ.

Соңғы жаңалықтар