ШҚО-да көпбалалы отбасыларды қолдаудың өңірлік бағдарламасы дайындалып жатыр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Даниал Ахметов ел алдындағы есебі кезінде көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға арналған кешенді өңірлік бағдарлама әзірленіп жатқанын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің айтуынша, қысқа мерзімде аталмыш санаттағы отбасыларды қолдаудың тетіктері мен қаржы бөлу мәселесі шешімін таппақ. Қаржы көзі мен мөлшері анықталғаннан кейін кешенді бағдарлама жүзеге аса бастайды.

Өңірлік бағдарлама төмендегідей жеңілдіктерді қамтиды деп жоспарлануда.

Біріншіден, көпбалалы отбасылардың барлық балалары балабақшаға тегін баратын болады.

«Бұл мақсатқа 245 млн теңге бөлінеді. Мұндай жеңілдік мемлекеттік те, жеке меншік те балабақшаларға қатысты. Көпбалалы жанұялар балабақшаға қатысты барлық шығындардан босатылады», - деді ол.

Екіншіден, жалпыға міндетті оқу қорының капиталы 500 млн теңгеге жеткізілмек. Бұл қаржыға, бірінші кезекте көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына жаңа оқу жылында мектеп формасы мен құрал-жабдықтары сатып алынады. Бұған дейін аталмыш мақсатқа бөлінген қаржыны қоса есептегенде осы санатқа енетін әр баланы оқу жылына дайындау үшін 22 мың теңгеден бөлініп отыр.

Үшіншіден, көпбалалы отбасынан шыққан студенттер оқу орындарының шәкірттеріне 3 млрд теңге бөлінді. Осының арқасында 4 200 бала тамақ пен жол жүру ақысынан босатылып, шәкіртақы алатын болады.

Төртіншіден, көпбалалы отбасыларға шағын несие ұсыну мақсатында облыс бюджетінен 337 млн теңге бөлінетін болады. Бұл қаржы көпбалалы отбасыларға мемлекет атынан 85 пайыз несие кепілдігін ұсынуға жұмсалады.

Бесіншіден, бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін қайтарымсыз негізде берілетін гранттарға көпбалалы отбасылар да өтінім бере алады. Грант көлемі 252,5 мың теңге шамасында. Қазірдің өзінде бұл жобаға 67,7 млн теңге бөлініп, 268 жоба қолдауға ие болған.

Алтыншыдан, ауылдағы көпбалалы отбасыларға шағын несиенің пайыздық үстемеақысын субсидиялау, малды кепілдікке қою аясын кеңейту тұрғысынан көмек берілмек.

Жетіншіден, 12 ақпан мен 12 наурыз аралығында жүретін «Саламатты ана мен бала» атты акция аясында көпбалалы аналар мен отбасы мүшелері өзі тіркелген емханада тегін қаралып, диагностикадан өтіп, дәрігер кеңесін кедргісіз алады. Мұндай акциияларды жылына екі рет өткізіп тұру жоспарланып отыр.

«Осы айтқан бағыттардың бәрі бір кешенді бағдарлама топтасады. Оның нақты сұлбасы бір айдың ішінде дайын болуы тиіс. Барлық ұсыныстар ескеріліп, қаржы көлемі есептеліп, облыстық мәслихатқа өтеді. Мысалы, көпбалалы отбасыларға суармалы жерді жеңілдікпен беру тетігі бар. Осының барлығына қаржы қанша мөлшерде бөлінетінін депутаттармен бірлесіп бекітеміз» - деді Даниал Ахметов.

Соңғы жаңалықтар