ШҚО-да көне сақ қорымдарын заңсыз қазғандар жазаға тартылды
Былтырдан бері Зайсан ауданы Шілікті ауылында орналасқан қола дәуірінің соңындағы ескерткіш саналатын сақ қорымдарының тоналып жатқандығы жайлы бұқаралық ақпарат құралдары талай мәрте жазып келеді. Жуықта әлеуметтік желілерде заңсыз қорым қазып, алтын іздеп жүргендердің ұсталғаны туралы ақпарат тарап, қызу талқыланған еді.
Аталған жайтқа орай, ШҚО Полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады.
«Аталған факті осы жылдың 20 мамырында белгіленген тәртіппен Зайсан аудандық Полиция бөлімінде тіркелді. 3 адам істің анық-қанығына жету үшін бөлімшеге жеткізілді. Тексеру нәтижелері бойынша оларға ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабына сәйкес (тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу) әкімшілік хаттама толтырылып, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Тексеру шаралары аяқталғаннан кейін материал түпкілікті шешім қабылдау үшін сотқа жолданады», - делінген ақпаратта.
Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін ШҚО-да екі мұғалім масайып алып оқушыларға әлімжеттік жасағаны туралы хабарлаған едік.