ШҚО-да көліктік бақылау инспекциясының 7 қызметкері жемқорлық үшін сотталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2022 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының 7 қызметкері жүйелі сыбайлас жемқорлық үшін сотталды.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Агенттіктің хабарлауынша, олар 2021 жылғы шілде-қыркүйек аралығында алдын ала сөз байласу арқылы жүк тасымалдаушылардан облыс аумағы бойынша кедергісіз жүріп-тұру және жалпы «қамқорлық» үшін 10-нан 300 мың теңгеге дейін пара алды.

ШҚО жемқорлықпен күрес қызметі жүргізген сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау барысында жауапкершіліктен жалтарудың жиі қолданылатын схемасы анықталған.

Бұдан басқа, талдау барысында инспекторлар тексеру іс-шаралары кезінде бейнетіркеу тәртібін сақтамайтыны анықталды. Іс жүзінде барлық жағдайларда олар тек көлік құралын тоқтату және қажетті құжаттарды сұрау процесін тіркеді. Бақылау рәсімінің өзі тіркелген жоқ, ал қолда бар 289 бейнежазба бойынша күндер мен уақыттарда сәйкессіздіктер анықталды.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындылары бойынша КБИ-на сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша ұсынымдар енгізілді.


Соңғы жаңалықтар