ШҚО-да көлік салығын төлемегендердің қарызы 1 млрд теңгеге жуықтады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында көлік салығын төлемегендердің жалпы қарызы 1 млрд теңгеге жуықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңірде 367 мыңнан астам көлік тіркелген.

Көлік иелерінің арасында салықты уақытылы төлемейтіндер аз емес.

Қазіргі уақытта көлік салығын төлемегендердің қарызы 989 миллион теңгені құрап отыр. Борышкерлердің жалпы саны – 45 мың адам.

Салық төлемей жүргендердің дені – Өскемен қаласында. Олардың қарызы шамамен 400 млн теңгені құрайды.

«Салықты өндіру үшін 37 мың борышкерге берешектің бар екендігі туралы хабарлама жіберілді. 15 мыңға жуық адам қарызды өндіріп алуға қатысты салықтық бұйрық алған. Сондай-ақ 14 мың салық бұйрығы мәжбүрлі түрде өндіру үшін құзырлы органдарға берілді», - деді ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Ержан Ктанов.

Айта кетейік, жеке тұлғалар үшін көлік салығын төлеу мерзімі жыл сайын 1 сәуірде аяқталады.


Соңғы жаңалықтар