ШҚО-да көлік мұз астына түсіп кетті
2021 жылғы 14 ақпан 18:13

ШҚО-да көлік мұз астына түсіп кетті

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданында көлік мұз астына түсіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 14 ақпанда Бұқтырма су қоймасының жағасындағы Табанды қара учаскесінде балықшылар отырған көлік мұз астына түсіп кеткен. 4 ер адам автомобильден шығып үлгерді. Ешкім зардап шеккен жоқ.

«Мұз қалыңдығын білмей балық аулауға шықпаған жөн. Дәл осы Табанды қара учаскесінде көліктің мұз астына түсуі бірінші рет тіркеліп отырған жоқ. Сондықтан азаматтарға барынша абай болу қажеттігін ескертеміз», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, демалыс күндері құтқарушылар су айдындарында бақылауды күшейтеді. Тұрғындарға мұзда қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қыс мезгілі басталғалы бері 11 мыңнан астам балықшы қамтылған.


Jańalyqtar

MURAǴAT