ШҚО-да көлік аударылып, 4 адам зардап шекті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданында көлік аударылып, 4 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көлік жүргізу құқығынан айырылса да рөлге отырған 25 жастағы жүргізуші жол-көлік оқиғасына түсті.

«LADA» маркалы автокөлікті тізгіндеп келе жатқан ер адам «Казнаковка-Көкпекті» жолында жылдамдықты бекітілген шектен асырған. Кенет ол рөлді басқара алмай қалып, жол жиегіне шығып кеткен көлік аударылып түсті», – делінген хабарламада.

Жол-көлік оқиғасынан 4 жолаушы зардап шеккен. Олар әртүрлі дене жарақаттарымен аудандық орталық ауруханаға жеткізілді.

«Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігіне (көлік құралын басқарушы тұлғалардың абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын немесе көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзуы) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бірқатар сот сараптамалары тағайындалды. Соның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Айта кетейік, аталған қылмыс үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.


Соңғы жаңалықтар