ШҚО-да көктемде 1200-ден астам жігіт әскерге шақырылады

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биылғы көктемгі әскерге шақыру науқанында 1200-ден астам жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге шақыртылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта өңірде көктемгі әскерге шақыру науқаны жүргізілуде. Биылғы науқанда 1200-ден астам жігіт әскерге шақыртылады.

Өскеменде әскерге шақырылғандармен салтанатты қоштасу рәсімі өтті. 50 сарбаз Жамбыл облысына жіберілді. Олар №91678 әскери бөлімінде борыштарын өтейді.

«Аман-есен елге оралуларыңа тілектеспін. Біздің және ата-аналарыңның артқан үмітін ақтайтындарыңа сенемін», - деді құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары Нұржан Жұмаділов.

ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараға еліміздің Қарулы Күштерінің ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер, әскерге шақырылғандардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты.

Қазіргі уақытта шекара қызметіне шақыру аяқталып, Қорғаныс министрлігінің Қарулы Күштеріне баратындар жасақталуда.

Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Өскемен халқы тұрақтандыру қорының азық-түлігін жаппай сатып алып жатқанын хабарлаған едік.



Соңғы жаңалықтар