ШҚО-да қазақ тілі пәні мұғалімдерінің біліктілігі арттырылмақ

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қазақ тілі пәнінің мұғалімдері біліктілік арттыру курстарынан өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов қала және аудан әкімдерімен, басқарма басшыларымен жиналыс өткізді. Онда білім, медицина салаларына қатысты бірқатар мәселе талқыланды.

«Жуықта орыс мектептеріндегі қазақ тілі және қазақ мектептеріндегі орыс тілі мұғалімдері тестілеуден өтті. Өкінішке қарай, барлық ұстаздар жақсы нәтиже көрсеткен жоқ. Сондықтан педагогтардың көпшілігі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ базасында біліктілік арттыру курстарынан өтіп, онда қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесін меңгереді. Біздің негізгі мақсатымыз - оқушыларды мемлекеттік тілде еркін сөйлеу деңгейіне жеткізу. Ата-аналар маған балаларының қазақ тілін үйренгісі келетіні туралы жиі жазады», - деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, көптілділік бағдарламасы аясында оқушылар ағылшын, француз және неміс тілдерін үйренуде жақсы жетістіктерге қол жеткізуде. Десе де мемлекеттік тілге ерекше назар аудару керек.

«Өңірде 56 медициналық мекеме PACS жүйесіне қосылған. Бұл науқастарға диагноз қоюға мүмкіндік беретін жасанды интеллект. Қазірдің өзінде 84 мың зерттеу жүргізілді. Ең бастысы, жүйе пациенттерді әртүрлі клиникаларға баруға мәжбүр етпей, уақытта үнемдейді. Жүйенің ішінде барлық тест нәтижелері, рентген және МРТ суреттері және басқалары сақталған», - деді Даниал Ахметов.


Соңғы жаңалықтар