ШҚО-да карантин талаптарын сақтамайтын кәсіпкерлер азаймай тұр

None
None
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында шектеу шараларын сақтамайтын кәсіп иелері әлі де анықталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Семейдегі 50-ден астам кәсіпкер қала әкімі Ермак Сәлімовпен кездесіп, карантиндік шектеулерді жеңілдету талабын қойды. Кездесу барысында шаһар басшысы облыс аумағында коронавирустың таралу қарқыны артып келе жатқанда қандай да бір жеңілдету шаралары туралы сөз қозғау орынсыз екенін атап өтті.

«Екінші толқын кезінде наурыз-маусым айларындағы сияқты қатаң шектеулер қабылданған жоқ. Дегенмен, соның өзінде кәсіпкерлер заңбұзушылықтарға жол беріп отыр. Мәселен, Семей мейрамханаларының бірінде өткізілген үйлену тойы. Онда танымал спортшылар мен өнер адамдары жиналған. Тіпті рұқсат етілмеген тойға қатысқандардың кейбіреулері коронавируспен ауырып шыққандардың қатарында. Барлық ережелерді сақтау қажеттілігі туралы талай мәрте үндеу тасталды. Десе де шектеулерді бұзып жатқандар әлі де азаймай тұр», - делінген ШҚО Ақпарат орталығы таратқан мәліметте.

Бүгінде барлық кәсіпкерлерге уақыт пен адам саны бойынша шектеулермен, қашықтықты, маска режимін және дезинфекциялық шараларды сақтай отырып жұмыс істеуге рұқсат берілген. Алайда соған қарамастан, кейбір бизнес өкілдері бұрынғыдай жұмыс істеп, карантиндік шектеулерді жеңілдетуді талап етуде.

«Кәсіпкерлер карантин талаптарына бағынбай COVID-19 инфекциясының таралуына ықпал ететінін түсінуі керек. Семейдегі кәсіп иелерімен кездесуде коронавирус жағдайы тұрақталғанға дейін ешқандай жеңілдету болмайтындығы туралы биліктің нақты ұстанымы айтылды. Себебі тек осылай ғана қауіпті дерттің өршуін бәсеңдетуге болады», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар