ШҚО-да карантин кезінде 22 мың адам жүргізуші куәлігін онлайн ауыстырған
2020 жылғы 10 желтоқсан 22:59

ШҚО-да карантин кезінде 22 мың адам жүргізуші куәлігін онлайн ауыстырған

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында биыл 620 мыңнан астам мемлекеттік қызмет электронды форматта көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің 85,5%-ы электрондық форматқа көшіріліп, қызметтерді алу рәсімі жеңілдетілген.

Облыста мемлекеттік қызметтерді онлайн алатын тұрғындар саны көбейіп келеді. Оған қоса пандемияға байланысты электрондық үкімет порталына деген сұраныс артқан.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Азамат Есембуловтың айтуынша, өткен жылы аймақ тұрғындары 430 мыңнан астам қызметті өздігінен алса, биыл бұл көрсеткіш 620 мыңнан асып отыр.

«Сәуірден бастап елдегі карантиндік режимге сәйкес ХҚКО-ның жұмысы тоқтатылды. Осы уақытта электрондық үкімет порталында 1414 call-орталықтары бар «виртуалды ассистент« қызметі іске қосылды. Біздің мамандарда қызмет алушының ұялы телефонын арнайы базаға бекіту, бейнеқоңыраулар арқылы азаматтарға кеңес беру мүмкіндігі пайда болды, – деді ол.

Оның айтуынша, өңірдегі арнайы ХҚО-да биыл көлікті тіркеу бойынша 131 мың қызмет, жүргізуші куәліктері бойынша 62 мың мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Сондай-ақ 23 мыңға жуық азамат көлік құралын қайта тіркеп, 22 мыңнан астам адам жүргізуші куәлігін онлайн ауыстырды.


Jańalyqtar

MURAǴAT