ШҚО-да қар құрсауында қалған 16 жүк көлігінің жүргізушілері эвакуацияланды

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында қар құрсауында қалған 16 жүк көлігінің жүргізушілері эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Зайсан ауданында құтқарушылар жолда қалған жүргізушілерге көмекке келді.

«Омбы-Майқапшағай» тасжолының Қаратал ауылындағы учаскесінде 16 жүк көлігі қар құрсауында қалған. Жүргізушілер қатты аяз бен ауа-райының қолайсыздығына қарамастан жолға шыққан. Сол жерге №25 өрт сөндіру бөлімшесінің құтқарушылары келіп жетті. Олар ер адамдарды жол талғамайтын «КУНГ» көлігімен ауылға жеткізді», - делінген ақпаратта.

Жүргізушілердің біріне дәрігер көмегі қажет болды. Оның қолы үсіп қалған. Азамат жақын жердегі медициналық мекемеге жеткізілді.

Айта кетейік, «Қазгидромет» Шығыс Қазақстан облысында 42 градусқа дейін аяз болатынын хабарлады.


Соңғы жаңалықтар