ШҚО-да іздеуде жүрген 3,5 млн теңге берешегі бар ер адам табылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының полицейлері іздеуде жүрген 3,5 млн теңге берешегі бар ер адамды тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Зайсан аудандық полиция бөліміне 3 500 000 теңге қарызы бар 53 жастағы борышкерге іздеу жариялау туралы сот орындаушысының қаулысы келіп түсті.

Белгілі болғандай, ер адам Тарбағатай ауданындағы тасжолда мемлекеттік мекемеге тиесілі «Skoda» қызметтік автокөлігінде жол-көлік оқиғасына түскен. Өскемен қалалық сотының шешімі бойынша ол материалдық шығынды өтеуге міндеттелген. Алайда азамат ақша төлеуден жалтарды.

«Іздестіру іс-шаралары барысында көші-қон қызметінің мамандары бір тәулік ішінде борышкерді тапты. Ер адам Зайсан қаласында жүрген. Енді қарызды өндіріп алумен сот орындаушылары айналысады», - деді облыстық ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.


Соңғы жаңалықтар