ШҚО-да имам 2 баласымен бірге суға ағып кетті

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Күршім ауданында баласын құтқарам деп суға кеткен имамның денесін іздеуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайғылы оқиға жексенбі күні Боран ауылында болған. Ауыл имамының 8 жасар баласы Қара Ертіске шомылып жүрген. Қатты ағысқа төтеп бере алмаған бала бата бастайды. Оны құтқаруға 36 жастағы әкесі мен 19 жастағы ағасы да суға секіреді. Куәгерлердің айтуынша, судың ағысына ересектер де төтеп бере алмаған. Салдарынан ауыл имамы екі баласымен бірге суға кеткен.

«Қазір тау өзендері тасып жатқандықтан, су лай, ағысы қатты. Өзен бойында иірімдер көп. Құтқарушылар марқұмдардың денесін моторлы қайықпен іздеуге мәжбүр. Сүңгуірлер терең иірімдерге тап болуы мүмкін. Сондықтан іздеу жұмыстары асқан сақтықпен жүргізілуде», - дейді шығыс өңірлік аэроұтқыр құтқару жасағының №9 бөлімше басшысы Талғат Нұржанов.

Имам мен оның ұлдарын іздеуге ауылдастары да атсалысуда.  Жалпы іздеу жұмыстарына 80 адам, 11 қайық жұмылдырылған.

Демалыс күндері құтқарушылар үшін мазасыз өтті. Зайсан көлінде 10 күн бұрын жоғалған балықшылардан әлі дерек жоқ. Ал Үржар ауданындағы Сасықкөлден баланың денесі іздестірілуде. Өскеменнің өзінде құтқарушылар 31 жастағы жігіттің денесін Ертістен іздеп жүргелі айға жуық уақыт болды.

Соңғы жаңалықтар