ШҚО-да иісшіл ит көліктегі жолаушыдан есірткі тапты

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Шемонаиха ауданында иісшіл ит көліктегі жолаушыдан есірткі тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Қарасора» жедел алдын алу шарасы барысында Шемонаиха қаласындағы «Рубеж» стационарлық бақылау бекетінде «ВАЗ» автокөлігі тоқтатылған.

Патрульдік полиция батальонының инспекторы және кинологиялық қызмет тобы 34 жастағы жергілікті тұрғын тізгіндеп келе жатқан көлікті тексере бастайды.

Сол кезде «Барон» атты иісшіл ит көлік жолаушысына қарата белгі берген.

«Нәтижесінде, 40 жастағы жолаушының қалтасынан ерекше иісі бар өсімдік тектес зат салынған қоңыр-жасыл түсті қағаз түйіншек табылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл зат салмағы 1,06 грамды құрайтын кептірілген марихуана болып шықты», - делінген ақпаратта.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігіне (Есірткі, психотроптық заттар мен сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.


Соңғы жаңалықтар