ШҚО-да газ баллонын дұрыс пайдаланбаған 45 адам анықталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар газ баллонын дұрыс пайдаланбаған 45 адамды анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, газ баллоны жарылуы салдарынан болған жазатайым оқиғалар көбейіп келеді. Бұл баллонды тұрмыста қолдану кезінде қауіпсіздік ережесінің қатаң сақталуы қажеттігін көрсетті. Осы ретте, өңір құтқарушылары жеке үй иелеріне тиісті нұсқаулықтар өткізді.

«Кезекті рейд барысында үйде газ баллонын дұрыс қолданбаған 45 адам анықталды. Бұл үйлер жеке меншік болғандықтан, оларға айыппұл салуға құқығымыз жоқ. Біздің міндетіміз – оқыс оқиғалардың алдын алу және адамдарды қауіпсіздік шараларын бұзбауға шақыру», - дейді құтқарушылар.

Бұл орайда ТЖД мамандары қауіпсіздік шараларын еске салды. Бірінші кезекте тек жарамды газ баллонын пайдаланып, оны таза ұстау керек. Түнде газ құралдарын жанып тұрған күйде қалдырмаңыз. Баллонды өтіп бара жатқан көліктен, кездейсоқ қоймалардан сатып алуға болмайды.

Газ баллонын сатып алу кезінде міндетті түрде газ саудалайтын мекеме атауы, баллон нөмірі, салмағы, жеткізген автокөліктің нөмірі көрсетілген түбіртек немесе талон болуы қажет. Тұрғын үйдегі газ баллонының сақталуы мен жарамды жай-күйі үшін оның иесі жауапты екенін қаперден шығармаңыз.


Соңғы жаңалықтар