ШҚО-да ерекше режимдегі мектептен қашып, біреудің көлігін айдап кеткен 2 оқушы ұсталды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданындағы сотталған балалар оқитын ерекше режимдегі мектептен 2 тәрбиеленуші қашып кетіп, қылмыс жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ерекше режимдегі мектептің кезекшісі түнгі тексеру кезінде Түркістан және Қызылорда облыстарында туған екі жасөспірімнің жоқ екенін анықтады.

Сыртқы бейнебақылау камерасының жазбасынан олардың қашып бара жатқаны көрінген.

«Бозбалалар көрпелерді бір-біріне байлап терезе арқылы екінші қабаттан түскен. Содан кейін үш метрлік темір қоршауға өрмелеп шығып, мекеме аумағынан қашып кетті. Екеуі негізінен ұрлық, алаяқтық және бөтеннің көлігін айдап кету баптары бойынша сотталған», - делінген хабарламада.

Кәмелет жасына толмаған тәрбиеленушілерді іздеуге өңір полициясының жеке құрамы шұғыл кірісті. Полиция қызметкерлері иісшіл иттерді де қолданды.

Сондай-ақ іздестіру шараларына мектеп қызметкерлері мен волонтерлер тартылды.

«Қашып кеткендер ең әуелі Көкпекті ауданының 54 жастағы тұрғынына тиесілі УАЗ маркалы автокөлікті айдап кеткен. Содан соң жақын маңдағы елді мекендердің біріне барып, көлікті 70 000 теңгеге сатып жіберді. Ары қарай таксимен Өскемен қаласына жеткеннен кейін жолда кетіп бара жатқан көлікті тоқтатып, Алматы қаласына қарай бет алған», - делінген ведомство ақпаратында.

«Өскемен-Алматы» тасжолымен 140-150 шақырым жүріп өткен жасөспірімдерді полиция қызметкерлері ұстады.

Қазіргі уақытта арнайы мектепке ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексі 200-бабына сәйкес, қайтарылған жасөспірімдерге бақылауды күшейту үшін ұсыным жіберілді.

Сондай-ақ аталған факті бойынша ҚР ҚК 200-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

«Жасөспірімдер Көкпекті аудандық пробация қызметінде тіркеуде тұр. Оларға қатысты материалдар пробациялық бақылау мерзімін ұзарту үшін сотқа жіберіледі. Пробация қызметкерлері алдағы уақытта осындай қылмыстарға жол бермес үшін жасөспірімдерге түсіндіру жұмысын жүргізді», - деп хабарлады облыстық ҚАЖД баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар