ШҚО-да «Еңбек» бағдарламасымен 20 мың адам жұмысқа орналастырылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 20 171 адам жұмысқа орналастырылды, оның 71 пайызы тұрақты жұмыс, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

«9 айдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысында 30 866 адам 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болды. 20 171 адам жұмысқа орналастырылса, оның 14 332-сі немесе 71% тұрақты жұмыс орнымен қамтылды», делінген хабарламада.

Өңірде 3 746 адам еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер бойынша кәсіби дағдыларды қалыптастыру үшін қысқа мерзімді курстар өткізуді көздейтін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты аясында қамтылған. Қысқа мерзімді кәсіптік оқуды аяқтағаннан кейін жұмыспен қамту орталықтары бағдарламаға қатысқандарға жұмысқа орналасуда көмек көрсетеді.

Мемлекеттік бағдарламаның екінші бағытының негізгі міндеті - азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын дамыту болып табылады. Оның шеңберінде бастапқы бизнесті іске асыратын және іске асыруды жоспарлайтын, сондай-ақ бұрын басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қаржылай қолдау алмаған үміткерлерге өтеусіз және қайтарымсыз негізде 100 және 200 АЕК мөлшерінде мемлекеттік грант беріледі.

Бұдан басқа, ауылда және қалаларда кәсіпкерлік әлеуеті бар, ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне және зейнеткерлік жасына жетпеген олардың мүшелеріне, шаруа және фермер қожалықтарына шағын несие беріледі.

Шығыс Қазақстан облысында 852 адамға шағын несие берілді. 100 АЕК-ке дейінгі мемлекеттік грантты мемлекеттік бағдарламаның 219 қатысушысы, 200 АЕК-ке дейін – 579 адам алды (жастар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мүшелері, мүгедектігі бар адамдар).

Мемлекеттік бағдарламаның үшінші бағыты – азаматтардың жекелеген санаттарын жұмыспен қамту үшін мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарын құруды қарастырады. Оны жүзеге асыру аясында Шығыс Қазақстан облысында 8 112 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 1 056-сы әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 264-і жастар практикасына және 5 792 адам қоғамдық жұмысқа жіберілді.

«Сонымен қатар, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде жұмыс күші көп өңірлерден Шығыс Қазақстан облысына 1 128 адам (485 отбасы) қоныс аударды. Қоныс аударушыларлардың 607-сі еңбекке жарамды жаста, оның ішінде 418-і жұмысқа орналастырылды, 20-сы кәсіпкерлік қызметпен айналысады және 13-і жаңа тұрғылықты жерінде оқумен қамтылды», делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар