ШҚО-да дүкен қызметкерлері тауарларды жасырын сатып, 7 млн теңге табыс тапқан

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында тұрмыстық техника дүкенінің қызметкерлері бір жыл бойы тауарларды жасырын сатумен айналысқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Катонқарағай аудандық полициясының кезекші бөліміне ЖШС өкілі жүгінді.

Өз сөзінде ол тұрмыстық техника дүкенінің 23 және 27 жастағы екі қызметкеріне қатысты шара қолдануды сұраған.

«Жәбірленушінің айтуынша, супервайзер мен сатушы бірлесе отырып, өткен жылдың қаңтарынан 2022 жылдың наурызына дейінгі аралықта тауарларды жасырын сатумен айналысқан. Мәселен, клиент таңдаған екі тауардың біріне ғана сатылу қағазын толтырып отырды. Осылайша, дүкен кассасына бір тауардың ақшасы түспей келген. Келген шығынның жалпы сомасы 6 900 000 теңгеден асты», - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күдіктілерді ұстады. Оларға қатысты келу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар