ШҚО-да Достық үйіндегі коворкинг орталыққа баратын жастар көбейді

None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында ашылған коворкинг орталыққа баратын жастар саны көбейіп келеді , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы кеңейіп келеді. Жақында Достық үйінің 30-жылдық мерейтойы аясында жастарға арналған коворкинг орталығы ашылған болатын. Бұл орталықтың басты мақсаты – жастардың бос уақытын пайдалы өткізу.

«Орталықта әр түрлі бөлмелер орналасқан. Жастар бұл жерде ғылыми іс-шаралар, семинар, тренингтер өткізе алады. Сонымен қатар вокал кабинеті жұмыс істейді. Егер де жаңадан әлеуметтік желілерді жүргізіп бастап келе жатқан блогер болсаңыз, сізге арналған контент жасайтын бөлме де бар. Кешкі уақытта коворкинг орталығында фильмдер тамашалауға болады. Бұның барлығы тегін. Ең бастысы, өзіңізді дамытуға деген ниетіңіз болса болғаны», - деп хабарлады Достық үйінен.

Осы орайда қаладағы оқу орындарының студенттерімен таныстыру кездесуі өтті. Шара барысында студенттер Достық үйінің, «Ассамблея жастары» жастар қозғалысының қызметімен және коворкинг орталығының артықшылықтарымен танысып, әйгілі ЭтноGame ойынын ойнады.

«Жастарымыз сүйіп ойнайтын Этно Game ойыны туралы «Ассамблея жастары» қозғалысының төрағасы Равиль Юнусовтың арқасында білген едік. Жастар форумына барып, осы ойында Ресейдегі Омбы қаласынан Өскемендегі Достық үйіне алып келген де сол. Үстел ойынының мақсаты – Қазақстанда тұратын этностардың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын кеңінен насихаттау. Ойын барысында қатысушылар түрлі этностардың ұлттық тағамдарының ерекшеліктерімен, киімдерімен, тұрмыстық бұйымдарымен танысты», - делінген ақпаратта.

Музыкалық үзіліс жылы атмосфера сыйлады. Жастардың бірі ән айтып, гитара шертіп, өз өнерімен өзгелерді қуантты. Шараның жастарға жақсы әсер еткені сонша, олардың көпшілігі «Ассамблея жастары» жастар қозғалысының қатарына қосылып, коворкинг орталығына тұрақты түрде барғысы келетіндіктерін жеткізді.

Жастарға арналған коворкинг орталығына келетіндер саны күн өткен сайын артып келеді. Жақында кезекті жиын барысында фильм көрсетілімі ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – жай ғана көңілді уақыт өткізу емес, келушілердің шетел тілін жетілдіруіне жол ашу. Өйткені фильм ағылшын тілінде көрсетілді.

Фильмді тамашалаған жастар сюжетті және ең қызықты сәттерді ұзақ талқылады. Қызу пікірталас болды. Жастар өз қиялдарының мүмкіндіктерін көрсетіп, фильмде көрініс тапқан оқиғалар басқаша шықса, не болатындығын елестетті.

«Ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Бұл кешті пайдалы әрі көңілді өткізе алдым. Мен фильмдер көргенді ұнатамын. Ал соны тілдік жаттығулармен үйлестірсек, бұл екі жақты пайдалы болары анық», - деп өз ойымен бөлісті шараға қатысушыларының бірі.


Соңғы жаңалықтар