ШҚО-да домбыраға ескерткіш орнатылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Жарма ауданында Ұлттық домбыра күніне орай биіктігі 7 метрлік ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл еліміз бойынша тұңғыш рет тойланатын Ұлттық домбыра күнін Жарма ауданы ауқымды мәдени шарамен бастап кетті. Аудан орталығы - Қалбатау ауылының Достық көшесінен тұғыр тапқан еңселі ескерткіштің авторы - жас мүсінші Нұрбол Қалиев.

"Ескерткішке тапсырыс аяқ астынан түсті. Қысқа мерзімнің үшінде 3 нұсқасын дайындадық.  Соның ішінде киелі емен ағашын жарып шыққан мүсінге таңдау түсті. Қазақ шежіресін де ағаштың тамырындай етіп таратады. Еменді сондықтан таңдадық" - дейді ескерткіш авторы.

Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Нұрлан Сыдықов ескерткіш аумағын ұлттық мұраны дәріптеп, өнер құдыретін насихаттайтын орынға айналдыруға күш салатынын атады.

"Біздің заманымыздың V ғасырында жасалған құдыретті қара домбыраның Алтай тауынан табылуы әлемдегі шертпе аспаптардың атасы - қос ішекті домбыра екенін көрсетеді. Бұл ескерткішті қазақ даласынан домбыра үні үзілмесін деген тілекпен орнаттық" - деді аудан әкімі.

Ескерткіштің биіктігі - 7 метр, ені - 3 метр.

Мыңнан астам адамның қатысуымен өткен мерекелік шарада танымал күйші-композитор Айбек Бекбосынов "Елбасы толғауы", "Мәңгілік", "Тарбағатай" сияқты авторлық күйлерін орындады.

Соңғы жаңалықтар