ШҚО-да дала өртінің аумағы 360 гектардан асты

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданында дала өртінің аумағы 360 гектардан асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Алтай ауданындағы «Зырян» орман шаруашылығы және «Быков» орманшылығында шыққан дала өртімен күрес әлі де жалғасуда.

Тілсіз жау шөп пен бұтаны шарпыған. Таудағы жерлерге жайылған жалынды ауыздықтау қиынға соғуда.

«Ондай жерлерге арнайы техника жете алмай жатыр. Соған орай суағар құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы жұмылдырылды. Елді мекендерге төніп тұрғын қауіп жоқ. Оқиға орнында жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеп жатыр», - делінген ақпаратта.

Өртті сөндіруге облыстық ТЖД-дан, орманшылардан, жергілікті атқарушы органдардан және «Қазавиаорманқорғау» мекемесінен 340-тан астам адам мен 25 техника тартылды. Алдын ала дерек бойынша оттың жалпы ауданы 367 гектарды құрайды.



Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қостанайдан бөлек тағы бес облыста өрт ошағы пайда болғанын айтты.

Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман өрті 2 қыркүйек күні басталды. Бірнеше ауылдан 1841 адам эвакуацияланды. Тілсіз жау 86 жастағы тұрғынның өмірін жалмады . 10 адам жарақат алды, оның төртеуі қазір ауруханада жатыр .

Қостанай облысында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орайластырылған салтанатты шаралар кейінге шегерілді. Іс-шараларға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баратыны жоспарланған еді. Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-тегі парақшасында ҚР Президенті орман өртіне қарамастан Қостанай облысына жұмыс сапарымен баратынын айтты.

Бүгін Қ.Тоқаев өңірге барды. Өрт болған елді мекен тұрғындарымен кездескен Президент зардап шегушілерге Үкімет екі айда бұрынғыдан да жақсы үйлер салып беретінін айтты. Өртті ауыздықтауға жүздеген техника, мыңдаған адаммен бірге 7 бірдей тікұшақ тартылды.

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанай облысындағы ө рт адам қолынан болды деген нұсқаны жоққа шығармайтынын мәлім етті.

Зардап шеккен қостанайлықтарға көмек беру үшін бірыңғай қоғамдық қор құрылды.

Өңірдегі жағдай тұрақталғанша, 3 мыңнан астам оқушы қашықтан білім алатын болды.

Әулиекөл ауданындағы өрт салдарынан Аманқарағай ауылында 98 үй өртеніп кетті.

Өңірде төтенше жағдай режимі жарияланды.

Үйлері өртеніп кеткен қостанайлықтардың банктегі несиелері жабылады.



Соңғы жаңалықтар