ШҚО-да бұрынғы аудан орталықтарын дамыту үшін кешенді бағдарлама әзірленді
2021 жылғы 10 наурыз 12:03

ШҚО-да бұрынғы аудан орталықтарын дамыту үшін кешенді бағдарлама әзірленді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында бұрынғы аудан орталықтарын дамыту үшін кешенді бағдарлама жүзеге асырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аймақ басшысы Даниал Ахметовтің Instagram желісіне сілтеме жасап.

«Облыстағы бұрынғы 13 аудан орталығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарларды іске асыру басталады. Бұл мақсатқа қаржыландырудың барлық көздерінен, соның ішінде жеке инвестициялардан, республикалық және облыстық бюджеттерден 64 миллиард теңге қарастырылған. Ең бастысы, жоспарланған барлық жобалар реттілік бойынша қарастырылуы қажет. Мәселен, жақында Таврия ауылында жұмыс сапарымен болдым. Онда мектеп пен аурухананың жылу жүйесінде бірқатар мәселе бар екені анықталды. Төрт қазандықтың екеуі ғана жұмыс істейді. Сондықтан қазандықтарды жөндеу жұмысы басымдықта болуы тиіс», - деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, әрбір аудан әкімі жергілікті жердің жағдайын егжей-тегжейлі зерделеп, қандай да бір жобалардың мақсаттылығы мен маңыздылығын бағалауы тиіс. Осыған сәйкес, кешенді жоспар әзірленеді. Әр кешенді жоспар қарастырылғаннан кейін ғана қаражат бөлінеді. Өйткені әр инвестиция өзін-өзі ақтауы керек.

«Сонымен қатар биыл Серебрянск қаласындағы бейорганикалық өндіріс зауытына тиесілі әкімшілік ғимаратта мәдениет үйін, спорт және әлеуметтік нысандарды көшіреміз. Тек аталған шаһарды дамытуға 8 миллиард теңге бөлінген. Биыл соның 2,9 миллиард теңгесі қаланы дамытуға бағытталады», - деді Даниал Ахметов.

Бұдан бөлек, Шар ауылында мектеп пен аурухана жөнделеді. Қайнар ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынып, мектеп пен спорт залының шатыры жаңартылады.

«Бұл жоспарланған жобалардың аз ғана бөлігі. Барлық бұрынғы аудан орталықтары сапалы ауызсумен жабдықталады. Тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік сала, денсаулық сақтау, бұқаралық спорт және мәдениет саласын дамыту да көзделген. Әрбір жоба менің жеке бақылауымда болады», - деді аймақ басшысы.


Jańalyqtar

MURAǴAT