ШҚО-да бұрынғы аудан орталықтарын дамыту бағдарламасы қалай іске асып жатыр

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстанда бұрынғы аудан орталықтарын дамытудың пилоттық бағдарламасы қолға алынған. Бір кездері аудандар біріктірілген соң дамып тұрған ауылдар аудан орталығы мәртебесінен айырылып, сондағы халықтың жағдайы біршама қиындап кеткен еді. Бұрынғы 13 аудан орталығын дамытудың аймақтық бағдарламасы бірінші кезекте тұрғындарға жағдай жасауға бағытталып отыр. Осы мақаламызда сол бағдарламаның қалай іске асырылып жатқаны жайлы сөз қозғамақпыз.

Мұқтаж жандар баспанамен қамтылады

ШҚО әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, Алтай ауданы Серебрянск қаласының тұрғындары үшін жыл соңында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру орталығы бой көтермек.

Нысан шаһар орталығында салынып жатыр. Бұл жерде спорттың әр түріне арналған жабық алаңдармен қатар футбол алаңы да болады.

Ал Серебрянск бейорганикалық өндіріс зауытының бұрынғы әкімшілік ғимараты мәдени орталыққа айналады.

Сараптама аталмыш объектінің жақсы жағдайда екенін көрсетті.

Күрделі жөндеу жүргізіліп, қажетті жабдықтар алынғаннан кейін мұнда музыка мектебі мен үйірмелер орналасады, концерт залы, шығармашылық және қолданбалы өнерге арналған алаңдар болады.

Кезекте тұрған көпбалалы отбасылар, мұғалімдер мен дәрігерлер үшін бұрынғы жатақхана ғимараты мен 60 пәтерлік тұрғын үй жөндеуден өтеді.

«Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша да үйлер салынуда.

Бұрынғы аудан орталығы - Таврия ауылында биыл даму бағдарламасына сәйкес орталық және қосалқы жолдардың барлығына асфальт төселді.

16 желтоқсанда жаңа спорттық-сауықтыру орталығы келушілерге өз есігін ашады.

Сондай-ақ сумен жабдықтау желілері де реконструкциялаудан өтуде. Қоныс тойын 14 көпбалалы отбасы тойлайды.

«Ауыл үшін ең маңыздысы - жылумен қамтамасыз ету мәселесі де шешілуде. Ол үшін аудандық аурухана қазандығының қуаттылығы арттырылады. Оның қайта жаңартылуы мектепті, балабақшаны, ауылдық мәдениет үйін жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл үшін қосымша желілер тартылмақ. Сонымен қатар Тавриядағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Себебі олар қала құрушы кәсіпорындардың рөлін атқарып отыр. Кәсіп иелері ауылда жұмыс орындарын ашып, халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуде», - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.


Жаңа қондырғылармен жабдықталды

Көкпекті ауданы Самар ауылында бұрынғы аудан орталықтарын дамыту бағдарламасы бойынша су құбыры желілерін қайта жаңарту, көшелерді орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ауылдың перзентхана бөлімшесі жаңа қондырғылармен жабдықталды. Енді жүкті әйелдерге босану үшін жүздеген шақырым жол жүрудің қажеттілігі жоқ.

Ондағы дәрігерлер әлемдегі озық клиникаларда біліктіліктерін арттырды. Осылайша, Самардың кішкентай тұрғындарының кіндігі өз ауылдарында кесілуде.

Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – жас мамандарды қолдау. Ол үшін Самарда жергілікті колледждің жатақханасы жөнделмек.

Ал жас мамандарға тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі беріледі.

«Бозанбай ауылында бағдарлама аясында аурухана базасында оңалту орталығы ашылады. Табиғаты көрікті ауыл Өскеменнен небәрі 45 шақырым жерде орналасқан. Қазірдің өзінде орталықты қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау жобасы дайындалуда. Дене шынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысы да басталды. Жаңа инфрақұрылымдық жобалар Бозанбайға жас мамандарды тартуға сеп болады», - деді облыс әкімі.

Қайнар ауылында аурухананы күрделі жөндеу және толықтай қайта жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Ауыл - ең іргеде жатқандардың бірі.

Сондықтан мұндағы халықтың жағдайын жақсарту аса маңызға ие. Сондай-ақ «Семей-Қайнар» республикалық жолын жөндеудің де маңызы ерекше.


Спорт модулі салынбақ

Тарбағатай ауданы Ақжар ауылында спорт модулінің құрылысы басталды. Ад ауылдық аурухана заманауи медициналық қондырғылармен жабдықталады. «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 30 тұрғын үйдің құрылысына қаржы бөлінді. Сондай-ақ спорт және балалар алаңдары орнатылады.

Бұрынғы аудан орталықтарын дамыту бағдарламасында ауылдық туризмді дамытуға ерекше назар аударылған.

Ауылдарда туристік инфрақұрылым құратын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне гранттар бөлу жүйесінің жобасы әзірленді.

Ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге ақпараттық-әдістемелік қолдау көрсетіледі. Осы ретте, катонқарағайлық кәсіпкерлердің алғашқы жобасы сәтті басталды.

***

Қорыта айтсақ, Шығыс Қазақстандағы 13 ауылдың тұрғындары үшін бұрынғы аудан орталықтарын қолдау бағдарламасы осылай жүргізіліп отыр.

Осы жылы басталған бағдарлама 2024 жылға дейін жүзеге асады.


Соңғы жаңалықтар