ШҚО-да браконьерлікке тосқауыл қою үшін арнайы мобильді топтар құрылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында 15 сәуірден бастап кең ауқымды «Сайғақ» табиғат қорғау акциясы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Браконьерлікпен күресу және заңсыз аң аулауға, өсімдіктер мен жануарлар түрлерін өткізу, тасымалдауға қарсы іс-қимыл жұмыстарын күшейту мақсатында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар, ҚР Ішкі істер министрліктері және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті 15 сәуір мен 15 мамыр және 1 желтоқсан мен 31 желтоқсан аралығында кең ауқымды «Сайғақ» табиғат қорғау акциясын өткізу туралы бұйрыққа қол қойды. Бұйрық шеңберінде акцияны өткізу кезінде табиғат қорғау, полиция, және өзге де органдардың бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілген.

«Биыл Шығыс Қазақстан аумағында аталған акция екінші жыл өткізілмек. Бұл дала бөкендерінің саны артып, Қарағанды және Павлодар облыстарының шекаралас аудандарынан өңір аумағына кіріп қана қоймай, соңғы жылдары оның Аягөз ауданында және Семей қаласында мекендегені байқалады. Бүгінгі күні ШҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, ШҚО Полиция департаменті, «Охотзоопром» РМКК қызметкерлерімен табиғат қорғау заңнамаларын бұзушылық фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша рейдтік іс-шараларды жүзеге асыру үшін мобильді топтар құрылған», - деп хабарлады облыстық Ақпарат орталығы.

Акцияға аталған ұйымдардың инспекторлық құрамы, өтімділігі жоғары автокөліктер мен қажетті құралдар тартылады.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында киіктерді атуға 2023 жылға дейін тыйым салынған. Киік атқандар мүлкі тәркілене отырып, 3 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.


Соңғы жаңалықтар