ШҚО-да браконьерлер 2 тоннадан астам балық аулаған

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында браконьерлер 2 тоннадан астам балық аулаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, өңір полицейлері 16 сәуір мен 30 мамыр аралығында «Уылдырық-2021» жедел алдын алу шарасын жүргізді. Мұндағы мақсат – заңсыз балық аулау фактілерін анықтау және экологиялық қылмыстарды ашу.

«Балық ресурстарын қорғау мақсатында тәртіп сақшылары күн сайын рейдке шығып, соның нәтижесінде 316 құқық бұзушылық анықталды. Браконьерлер 2 тоннадан астам балық аулап, мемлекетке 3 млн теңге залал келтірген», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.

Мәселен, полицейлер Бұқтырма су қоймасының жағасында 1992 және 1977 жылғы Алтай ауданы Октябрь кентінің екі тұрғынын тоқтатты. Тексеру кезінде «Mitsubishi» автокөлігінен моторы бар алюминий қайық және 874 750 теңге сомасындағы 179 келі рипус балығы табылды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталған.

Ведомство мәліметінше, тәркіленген балық арнайы қабылдау орнына тапсырылады. Ал сатудан түскен табыс мемлекет қазынасына аударылады.


Соңғы жаңалықтар