ШҚО-да боранда адасып кеткен павлодарлық екі отбасы құтқарылды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында полицейлер боранда адасып кеткен Павлодар қаласының тұрғындарын құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 22 наурызда Абай аудандық полиция бөліміне қарлы боранда екі отбасының адасып кеткені туралы хабар түскен.

Тәртіп сақшылары Тұрарбеков Бектұрсын мен Мейрамғалиев Руслан шұғыл іздестіру жұмыстарына кірісті.

- Полицейлер оқиға орнына қызметтік автокөлікпен шығып, үш сағат ішінде адасқан азаматтарды тапқан. Олар Павлодар қаласының тұрғындары болып шықты. Көлікте екі отбасы, атап айтқанда екі ер адам, екі әйел және төрт бала болған. Олар Абай ауданының аумағында орналасқан «Қоңыр әулие» үңгіріне бара жатты. Жолда адасып, көлігі қарға батып қалған, - делінген ақпаратта.

Полицейлер туристерге көмек көрсетіп, көліктерін қардан шығарды.

Содан кейін аудан орталығына жеткізіп, тамақтандырып, жатын орын тауып берді.

Өз кезегінде Павлодар облысының тұрғындары полиция қызметкерлеріне алғыс айтып, жұмыстарына табыс тіледі.


Соңғы жаңалықтар