ШҚО-да боранда адасып кеткен екі шопан табылды

2022 жылғы 26 қараша, 22:03
ШҚО-да боранда адасып кеткен екі шопан табылды

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында боранда адасып кеткен екі шопан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 26 қарашада Зайсан ауданындағы шаруа қожалығының басшысы құтқарушыларға хабарласты. Өз сөзінде ол Қаратал ауылының маңында мал іздеуге кеткен 2 шопанның жоғалғанын жеткізді. ТЖД қызметкерлері жол талғамайтын «КУНГ» автокөлігімен көмекке аттанды.

«Олар қатты аяз бен қарлы боранға қарамастан 1963 және 1983 жылғы ер адамдарды іздестірді. Шопандардың бірі «Жадыра» шаруа қожалығынан 5 шақырым жерде табылды. Ал екіншісі көп ұзамай өз бетімен оралды. Шопандарға медициналық көмек қажет болмады», - делінген ақпаратта.

Жол бойында №25 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушыларына тағы бір өтініш түсті. Қар құрсауында қалған «Мазда» маркалы көлікте үш ер адам болған. Сол жерге келген құтқарушылар азаматтарды жақын маңдағы елді мекенге жеткізді.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar