ШҚО-да биыл жолды бұзған ауыр жүк көлік иелеріне 17 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Фото:
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері жолды бұзған ауыр жүк көлік иелеріне 17 млн теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК ШҚО филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір бойынша жыл басынан бері ауыр жүк көліктерінің иелеріне қатысты 390 әкімшілік іс қозғалған. Айыппұлдың жалпы сомасы 17 200 000 теңгеден асып отыр.

«Құқық бұзушылықтардың басым бөлігі шамадан тыс жүк тиеумен байланысты. Мәселен, үш осьті самосвалдың жүкпен бірге салмағы 25 тоннадан аспауы тиіс. Бірақ, көбі 30 тоннаға дейін тиеп алады. Осының салдарынан жолдар бұзылады», - делінген ақпаратта.

Жүк көліктері, әсіресе әлі салынып бітпеген «Алматы-Өскемен» тасжолымен жүреді. Асфальттың соңғы қабаты жабылмағанына қарамастан, жүк көліктері соның бойымен қатынап жатыр.

«Жолда нормадан артық жүк тиеген көліктердің жүруі сол жолдардың пайдалану мерзімін қысқартады. Нақты айтқанда, жол 10-15 жыл емес, 3-5 жылдан кейін нашар күйге түсуі мүмкін. Сондықтан, жүк көліктерін тексеруді күшейту қажет», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар